Жаңалықтар

Өзбекстанда эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады

2021 жылғы 31 шілде 17:41
Өзбекстанда эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанда коронавирус пандемиясы басталғалы ауруға шалдығудың тәуліктік өсімі бойынша рекордтық көрсеткіштер күн сайын жаңаруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен тәулікте елде коронавирус жұқтырудың 924 жаңа жағдайы тіркелген. Бұл – пандемия басталғалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Соңғы күндері COVID-19 жұқтырушылар саны тәулігіне 897, 843 және 789 адамға жетіп, күн сайын антирекордтар жаңарды. Статистикаға сәйкес, ауруға шалдығудың өткен жылғы антирекорды 774 жағдай болған. Ол 2020 жылдың 1 тамызында тіркелген болатын. Сондай-ақ ковид пневмониясын жұқтырғандар саны да артуда. 559 адамда ауру расталды. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 556 науқасты құраған болатын. Коронавирустан көз жұмған пациенттердің саны 874 адамға жетті. Өткен тәулікте 8 өлім жағдайы тіркелген еді. Еске сала кетейік, эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты 28 маусымнан бастап Өзбекстанда карантин шаралары күшейтілді. 17 шілдеде Коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы комиссия сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және білім беру салаларында жұмыс істейтін 18 жастан асқан азаматтарды, сондай-ақ әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін міндетті вакциналау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта Өзбекстан Республикасының Парламенті жұмыс істейтін халықты міндетті вакциналау туралы заң жобасын қарастыруда.