Жаңалықтар

Пандемия кезеңінде ЕО елдерінде сайлау қалай өтті

2020 жылғы 22 қазан 08:42
Пандемия кезеңінде ЕО елдерінде сайлау қалай өтті

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Коронавирус пандемиясы басталғалы Еуропалық одаққа мүше екі ел халықтық сайлау өткізді. Франция мен Польшадағы сайлау жайлы ҚазАқпараттың Брюссельдегі меншікті тілшісі айтып береді.

Францияда муниципалды сайлау екі кезеңде өтті. Онда республика азаматтары жергілікті өзін-өзі басқаруды таңдады. Бірінші кезең 2020 жылғы 15 наурызда, ал екінші кезең 8 маусымда өтті. Бір қызығы, сайлаудың бірінші кезеңінен кейін Францияның бірқатар қаласының мэрлері елдің премьер-министріне ұжымдық үндеу жолдады. Онда олар сайлаудың келесі кезеңін кешіктірмеуді сұраған, өйткені қала билігі карантиннің салдарын жою үшін бар күшін салуға мүдделі болды. Пандемия жөніндегі ғылыми кеңестің келісімі бойынша Франция үкіметі маусымның соңғы жексенбісінде екінші кезеңді өткізуге келісті. Осыған байланысты жергілікті шенеуніктер сайлаушыларды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге уәде берді. Француз бақылаушыларының пікірінше, пандемия үгіт-насихат пен дауыс беру процесіне айтарлықтай әсер етті. Кандидаттар өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын өз командаларымен кездеспей өткізді. Олар Интернет арқылы белсенді үгіт жұмыстарын жүргізді. Пандемия кезінде Польшада жалпыхалықтық сайлау өтті, онда елдің жаңа президенті сайланды. Бірінші кезең 2020 жылғы 28 маусымда, екінші кезең 12 шілдеде өтті. Екінші кезеңде Анджей Дуда жеңіске жетті. Коронавирус пандемиясына байланысты Польша президентін сайлау екі жолмен өтті: дәстүрлі түрде және «пошта арқылы». Дауыс беруге арналған арнайы пакеттер алған 200 мыңға жуық поляк қашықтан дауыс беру мүмкіндігін пайдаланды. Авторы: Арнұр Рахымбеков