Жаңалықтар

Пандемиядан шығынға батқан павлодарлық кәсіпкерлерге 3 бағытта қолдау көрсетіледі

2020 жылғы 26 қараша 13:44
Пандемиядан шығынға батқан павлодарлық кәсіпкерлерге 3 бағытта қолдау көрсетіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірдегі шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпкерлерге үш бағытта көмек көрсетілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіп кешені, өндіріс сияқты салаларда жағдай тұрақты болғанымен, карантин салдарынан өңірдің шағын және орта бизнесі зардап шекті. Сол себепті кәсіпкерлерді қолдау 3 бағытта жүргізіліп жатыр. Олар: жергілікті кәсіпорындардың тапсырыс жүктемесін арттыру, мемлекеттік бағдарлама бойынша несие беру және жас кәсіпкерлерді қолдау», - деді Әбілқайыр Сқақов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыру туралы сөз қозғай келе өңір әкімі пандемияның оң нәтижесі барын да атап өтті. Айтуынша, карантин шектеулеріне байланысты импорт азайып, ішкі резервтің әлеуетін дамытуға жол ашылған. «Біз құрылыс индустриясының, жеңіл өнеркәсіптің, металл және ағаштан жасалған бұйымдарды өндірушілердің, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүмкіндіктерін барынша пайдаландық. Осы жұмыстың нәтижесінде 10 айда олардың жүктемесі 75%-ға жетті. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындардың сатып алуларында жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша жұмыс үнемі жүргізілуде. Одан бөлек жыл басынан бері шағын және орта бизнесті барлық көздерден несиелеу көлемі, оның ішінде жергілікті кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы 75 миллиард теңгеден асты. Қарастырылып отырған жергілікті бағдарлама – «Халық банкімен» бірлесіп жүзеге асырылатын жас кәсіпкерлерді несиелендіру бастамасы. Олар 7 жылға кепілсіз 5%-бен 15 миллион теңгеге дейін несие ала алады», - деді Әбілқайыр Сқақов. Өңір басшысы ШОБ жұмысын жандандырудың үшінші амалы - Zhas-Halyk. Ertis бастамасы екенін атап өтті. Бұл бағдарлама ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Осы бағыт бойынша аймақта шағын индустриялық аумақтар ашылып жатыр. Ол жерде ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге нысандардан тегін орын беріледі. Сонымен қатар ондағы кәсіпкерлерге жан-жақты сервистік қолдау көрсетіледі. «Бұл шаралар кәсіпкерлікті қолдауға және оның өсіміне көмектеседі», - деді ол.