Жаңалықтар

Пандемиямен күрес барысында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары табандылық көрсетуде – Бекшин

2020 жылғы 27 мамыр 20:16
Пандемиямен күрес барысында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары табандылық көрсетуде – Бекшин

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн форматтағы үшінші отырысы адами капиталды дамыту мәселелеріне арналды. Осыған орай Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, бүгінгі таңда әлемдік індетке айналған COVID-19 пандемиясына қарсы күресу барысында санитарлық- эпидемиологиялық қызмет мамандары табандылық көрсетуде.

«Осындай қиын қыстау кезеңде Президент санитарлық -эпидемиологиялық қызметті үнемі қолдап, күн тәртібінің негізгі мәселесі етіп көрсетуі, санэпид қызмет саласы мамандарын рухтандырып, халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек етуге жігер береді»,– дейді Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар, ол COVID-19 пандемиясы жағдайы биологиялық қауіпсіздік мәселесін әлі де болса жетілдіруді қажет ететінін атап өтті.

«Осыған орай Президентіміз биологиялық қауіпсіздікке байланысты заң әзірлеу жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл заңның қажеттілігі сондай, ол халықтың денсаулығы мен санитарлық эпидемиологиялық салауаттылығын арттырып қана қоймай, еліміздің экономикасына оң әсер етері сөзсіз. Себебі, COVID-19 індеті халықтың денсаулығына ғана емес, мемлекеттің экономикасына «СТРЕСС» болғаны белгілі»,– дейді ол.

Жандарбек Бекшин санитарлық - эпидемиологиялық қызметті қайта қалпына келтіріп, оның өкілеттілігін күшейту және ведомствааралық байланысты арттыру бойынша берілген тапсырма орындауға әзір екенін айтты.

« Мен, өз тарапымнан осы саланың көп жылғы басшысы және маманы ретінде Президенттің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметін күшейту және осының аясында жаңа Комитет құру, сонымен қатар Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің өкілеттігін күшейту туралы көтеріп отырған мәселесін жан-жақты әрі қызу қолдаймын.Президенттің бұл шешімі Қазақстан халқының денсаулығын жақсартуына бірден-бір серпін болатынына мен кәміл сенемін. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, өзінің тиімділігін дәлелдеген модельге қайта оралатын кез жетті»,– дейді Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері.

Жандарбек Бекшин бұл реформа уақыт талабынан туындап отырғанын тілге тиек етті.