Жаңалықтар

Павлодар облысында эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр

2022 жылғы 28 қаңтар 03:05
Павлодар облысында эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Өткен аптада – 20 мен 26 қаңтар аралығында облыста коронавирус инфекциясының расталған 6541 жағдайы тіркелді. Бұл - пандемия басталғаннан бері COVID-19 диагнозы қойылған науқастардың жалпы санының шамамен 10 пайызы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-конференция барысында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев Павлодар облысындағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты. Ол бүгінде Ертіс өңірінің барлық қалалары мен аудандары коронавирус бойынша «қызыл» аймақта қалғанын атап өтті. - Қаңтар айында облыста коронавирус инфекциясының 9145 жағдайы тіркелді, - деді спикер. – Өткен күні COVID-19 жұқтырған 910 жағдай анықталса, бір күн бұрын бұл ауру 1153 адамда анықталған. Батырбек Әлиев оқушылар арасында да ауру-сырқау өсуі байқалатынын айтты. Оқу жылының басынан бері облыстың оқу орындарының 2304 тәрбиеленушісінде коронавирус расталды. Бүгінде өңірдің 48 мектебінде бірден 88 сынып карантинде жатыр. Эпидемиологтар Павлодар облысының тұрғындарын қырағылықты жоғалтпауға және бетперде режимін сақтауға, адамдардың көп жиналуына жол бермеуге және барлық санитарлық талаптарды сақтауға шақырады. Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халықты вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қажеттігін еске салды.