Жаңалықтар

Пойыз қозғалысы қалпына келтіріледі: Жолаушылар нені білуі керек

2020 жылғы 28 мамыр 17:40
Пойыз қозғалысы қалпына келтіріледі: Жолаушылар нені білуі керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1 маусымнан бастап, жолаушылар пойыздарының қозғалысы қайта жанданады. Бұл жағдайда барлық санитарлық нормалар мен талаптар сақталуы тиіс. ҚазАқпарат агенттігі вокзалдар мен пойыздардың қауіпсіздік шараларына шолу ұсынады.

Әр вагонда антисептик пен маскалар болады

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрамын әзірледі. Вагон ішіндегі температуралық режим дұрыс болуы үшін барлық желдеткіш пен ауа баптау жүйелері тексерілген. Сондай-ақ, вагондар күнделікті дезинфекциядан өтеді. Жолсеріктерге жолаушылардың қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін ережелер мен нұсқаулықтар жасалды», - «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Солтүстік» тасымалы бойынша өңірлік филиал директоры Гүлнар Қонысбаева.


1 маусымнан бастап, жұмысқа келген қызметкерлер күн сайын медициналық тексеруден өтеді. Содан кейін санитарлық нормаларды сақтау жөнінде жеке және ұжымдық нұсқаулық өтеді. Бұл барлық санитарлық нормаларға сәйкес келуге және вагондарды дайындауға арналған. Бүгінде барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Әр вагонға антисептик құрылғылары қойылып, жолсерікте маскалар, қолғаптар, антисептикалық заттар болады.

Жолаушыларға жадынама

«Карантин шаралары жеңілдегенше жолаушыларға да бірқатар талап қойылады. Сапарға шығарда жолаушы дене қызуын тексеріп алуы керек. Вокзал аумағына тек маскамен кіргізіледі. Әр жолаушы жеке қорғаныс құралдарымен, антисептикпен жүруі тиіс. Жолаушының масканы қаншалықты жиі ауыстыратыны тексерілмейді, барлығы – жолаушының өз жауапкершілігінде болады. Жолаушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, ешкім вагоннан түсірілмейді», - дейді Г. Қонысбаева.


Вагоннан-вагонға өту шектеулі болады. Пойыздағы мейрамхана да уақытша жұмыс істемейді. Вагон ішіндегі ыдыс-аяқ бұрынғыдай беріледі. Жолсеріктер барлық жуғыш және зарарсыздандырғыш заттармен қамтамасыз етілген.

«Ең бастысы, біз вагондағы жолаушыларға жағдай жасауымыз керек. Уақытында дезинфекциялап, бір ауысымда вагонды екі рет, ішкі бөлме мен дәретхананы кемінде төрт рет жуу керек. Пойыз кестесіне сәйкес, аялдама қарастырылған жерлерде жолаушылар пойыздан түсіп, азық-түлік сатып ала алады. Бәрі қалыпты режимде болады», - деді компания өкілі.

Вагон ішіндегі орындардың барлығына билет сатылады. Жол жүру билеттері вагондағы орын санына сәйкес болады. Бірінші кезеңде плацкарт және купе вагондары іске қосылады.

Пойызда сырқат адам табылса, не істеу керек


Пойыз ішіндегі жолаушыдан ауру белгілері байқалса, жолсерік арнайы алгоритммен әрекет етеді. Жолсерік шағымданған жолаушының дене қызуын өлшеуі керек. Егер температура 37 градустан жоғары болса, жолсерік жолаушыны оқшаулайды.

«Жолаушы өз купесінде оқшауланады, көршілес жолаушылар басқа бос немесе қызметтік купеге ауыстырылады. Сонымен бірге, науқас жолаушы кіретін дәретханаға өзгелер кіргізілмейді. Жолсерік тұтас вагон жолаушыларының маскаларын ауыстырады. Ол үшін вагондарда резерв бар.

Содан кейін жолаушы оқиғаны пойыз басшысына баяндайды. Пойыз басшысы машинист арқылы ең жақын станцияға хабар беріп, сырқаттанған жолаушыны түсіріп кетеді. Бұл алгоритм барлық қызметкерге түсіндірілді», - деді Г. Қонысбаева.

Вокзал ғимараттары қалай жұмыс істейді


Сонымен бірге, «Нұр-Сұлтан-1» вокзалының басшысы Ғалым Әбдіханов тілшілерге вокзал ішіндегі тәртіпті түсіндірді.

«Бас санитарлық дәрігердің 14 мамырдағы Қаулысына сәйкес, вокзалдағы барлық нүктелер, өтпе жолдар қайта пысықталды, желдеткіштер ауыстырылды. 1 маусымнан бастап жолаушыларды қабылдауға дайынбыз. Вокзалда арнайы медициналық қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істейді. Кассалар да тәулік бойы ашық. Әзірге, «Жолаушылар тасымалы» АҚ 6 кассасы және жеке компаниялардың 6 кассасы жұмыс істеп тұр. Маскасы жоқ жолаушы вокзал аумағына кіргізілмейді. Ол үшін дәріхана жұмыс істейтін болады. Ал кафе-дәмханалар карантин шаралары жеңілдеген соң ашылады», - деді ол.

Жүк тасушылар қай санатқа тегін қызмет көрсетеді


«Вокзалға тек билеті бар жолаушылар ғана жіберіледі. Шығарып салушылар кіргізілмейді. Жолаушылардың ауыр жүгін вагонға дейін тасымалдауға арнайы компания көмектеседі. Олар жүктің салмағына қарай түрлі тарифпен қызмет көрсетеді. Алайда, бұл жерде зейнеткерлердің, қарттардың, мүгедектігі бар адамдар мен аяғы ауыр әйелдердің жүгі тегін тасымалданады. Карантин кезеңінде оларға тегін қызмет көрсетіледі», - деді Ғ. Әбдіханов.

Карантин бұрыштары


1 маусымнан бастап, Қазақстанның барлық вокзалдарында «Карантин бұрыштары» ашылады. Бұл COVID-19 жұқтыру күдігіне ілінген жолаушыларды уақытша оқшаулауға арналған және арнайы қызыл лентамен қоршалған.

«Вокзал кіреберісінде ЖРВИ белгілері байқалған, дене қызуы 37 градустан асқан жолаушылар «Карантин бұрышына» жіберіледі. Онда маска, қолғап, антисептик құралдары қойылған. Медициналық қызметкерлер жедел жәрдем шақырып, жолаушыны сонда жібереді», - деді Ғалым Әбдіханов.

Еске сала кетсек, 15 мамырдан бастап, жолаушылар билеттері сатылып жатыр. Жолаушылар пойыздары 1 маусымнан жүре бастайды.


Бастапқы кезде 54 пойыз қатынай бастайды:

- Нұр-Сұлтаннан – Алматы, Маңғыстау, Өскемен, Сарыағаш, Семей, Арқалык, Павлодар, Петропавл/Қызыл ту, Орал, Жезқазган, Қызылорда;

- Алматыдан – Шымкент, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Сарыағаш, Өскемен, Жезқазган, Орал, Петропавл, Қостанай;

- Кызылордадан – Семей, Көкшетау, Петропавл;

- Қостанайдан – Қарағанды; Арқалык;

- Қарағандыдан – Жезқазған;

- Қызылордадан – Көкшетау, Петропавл,

- Маңғыстаудан – Ақтөбе бағыттары бойынша және қаламаңы қатынастары.

Екінші кезең – 10 маусымнан бастап 39 пойызды жолға шығару жоспарланып отыр. Оның ішінде:

- Нұр-Сұлтаннан - Алматы, Атырау, Достық, Орал, Айсары, Шымкент;

- Алматыдан - Атырау, Ақтөбе, Орал, Өскемен, Түркістан, Петропавл;

- Атыраудан - Маңғыстау, Ақтөбе, Құлсары, Карабатан бағыттары бойынша және қаламаңы бағыттары.

Үшінші кезеңде аймақтарда санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай, сонымен бірге көрші елдермен келіскеннен кейін 15 пойызды жүргізу көзделген. Оның ішінде:

- Алматыдан - Ташкент, Саратов, Үрімші, Новосібір, Қазан;

- Нұр-Сұлтаннан – Челябі;

- Қарағандыдан - Мәскеу, Омбы, Томск;

- Атыраудан - Астрахан бағыттары бойынша.