Жаңалықтар

Президент: Медицина қызметкерлеріне төлемақы үшін Үкімет қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі

2021 жылғы 18 маусым 15:16
Президент: Медицина қызметкерлеріне төлемақы үшін Үкімет қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Медицина қызметкерлеріне төлемақыны жалғастыру үшін Үкімет қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі. Бүгін астанада «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Президент дәрігерлерге арнап ескерткіш орнату туралы тапсырманы былтыр «Біз біргеміз» жалпыұлттық онлайн-форумында берген еді. « Бұл – жаһандық дертке қарсы күрескен отандастарымызға деген ел құрметінің белгісі. Сондай-ақ халықтың адал перзенттеріне ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады », – деді Президент. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болған. Былтыр Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» медалі бекітіліп, пандемияға қарсы күресте алғы шепте болған көптеген отандасымыз марапатталды. Президенттің айтуынша, бұл олардың қажырлы еңбегі мен ерен ерлігіне деген халықтың ыстық ықыласының белгісі. Марапатқа ие болған азаматтардың көпшілігі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. « Коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге төленетін тек үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін 180 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет биылғы қазан айына дейін төлемақы беруді жалғастыру үшін осы мақсатқа қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі. Біз дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастадық. Бұл үрдіс жалғаса береді », – деді Мемлекет басшысы. Президент өз сөзінде медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың тиімді жүйесін құру маңыздылығына назар аударды. – Бұл жүйеде ауылдық жерге келген мамандарға міндетті түрде тұрғын үй беру, біржолғы жәрдемақы төлеу және басқа да жеңілдіктер қамтылған. Мұндай шаралар облыстар мен қалалар әкімдерінің белсенді атсалысуымен еліміздің барлық өңірінде қабылдануға тиіс , – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Президент тек қаржылай ынталандырудың жеткіліксіз екенін айтты. – Медицина қызметкерлерінің моральдық және заңдық жауапкершілігі артып келеді. Азаматтар тарапынан қойылатын талап та жоғары. Көптеген маман қысымға шыдамай, кәсіби тұрғыдан қажып, денсаулық сақтау саласынан бас тартуда. Өкінішке қарай, бұл алаңдатарлық жағдай. Аталған үрдіс елімізде ғана орын алып отырған жоқ. Сондай-ақ бүкіл әлемде бес миллионнан астам дәрігер жетіспейді. Осы орайда медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады , – деді Мемлекет басшысы.