Жаңалықтар

Президент тапсырмасы: Алматыда мониторинг топтары жұмысын күшейтті

2020 жылғы 9 қазан 18:21
Президент тапсырмасы: Алматыда мониторинг топтары жұмысын күшейтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қалада кәсіпкерлік нысандарының және жеке тұлғалардың санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын бақылайтын мониторингтік топтардың жұмысын күшейту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемияның екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау үшін ұйымдастырылды.

Жиынға қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, Полиция департаменті, прокуратура, Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, сондай-ақ Nur Otan партиясының Алматы филиалы, «Жас Отан», алматылық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшылары және бірқатар волонтерлік ұйымдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Кеңесте кәсіпкерлік объектілері мен жеке тұлғалардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауды бақылау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысын күшейтудің ұйымдастырушылық мәселелері қаралды.

Эпидемиялық жағдайды талдау соңғы күндері Алматыда короновирус инфекциясын жұқтыру жағдайларының санының артуына ықпал ететін бірқатар жағымсыз факторлардың бар екенін көрсетеді. Олардың басты себептерінің бірі коронавирус індетінің елімізге вирус жұқтыру жағдайлары артып отырған шет мемлекеттерден жеткізілуі болып отыр.

Осыған байланысты Алматы халықаралық әуежайында санитарлық-эпидемиялық бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, мониторингтік топтарға келесі міндеттер тапсырылды:

1) кәсіпорындар, мекемелер, сонымен бірге, халыққа қызмет көрсететін ұйымдар үшін белгіленген санитарлық-эпидемиялық талаптардың орындалуына тексеруді ұйымдастыру;

2) кәсіпорындар, сауда үйлері, базарлар, әуежай, вокзалдар, қоғамдық көліктер және қаладағы басқа да ұйымдардың, сондай-ақ, халық көп орналасқан аудандарда санитарлық-эпидемиялық нормалардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізу;

3) адамдар көп жиналуы мүмкін жерлерде шектеу шараларын нығайту және профилактикалық жұмыстарды жүгізуді жалғастыру, ауру жұқтыру көздерін, вирустың берілу тізбегін анықтау және шектеу, бақылау шараларын қабылдайтын уәкілетті құрылымдарға ақпарат беру.

Алматыда осы мақсатта 26 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олардың құрамында Полиция департаментінің, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті аудандық басқармаларының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар. Сондай-ақ үкіметтік емес сектордың өкілдері мен еріктілер ерекше үлес қосуда, олар мониторинг топтарына тәртіп бұзушылық фактілерін анықтауға жәрдемдеседі.

Бұған қоса осы бағыттағы жұмыстардың ашықтығын және шынайылығын қамтамасыз ету үшін қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларына, ақпараттық қызметтерге коронавируске қарсы ауқымды түсіндіру науқанын жалғастыру және COVID-19-дың алдын алудағы негізгі әдіс ретінде халыққа гигиеналық тәрбие жүргізу тапсырылды.

Мониторингтік топтардың жұмысының мақсаты - коронавирус инфекциясының тарауына жол бермеу және қала тұрғындарының вирус жұқтыруының алдын алу.

Биыл 5 шілде мен 7 қазан аралығында мониторингтік топтар 9 мыңға жуық нысанды тексерді. Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес (заңды және жеке тұлғаларға) жалпы сомасы 287 млн теңгеге 3836 хаттама толтырылды.

Алматы әкімдігі кәсіпкерлік субъектілеріне пандемияның жаңа толқынының қаупі төнген кезде қауіпсіздік шараларының талаптарын мүлтіксіз сақтау қажеттігін еске салады. Ал санитарлық талаптардың бұзылуы - ұйым қызметкерлері арасында ауру тарауына және объектіні пайдалануды тоқтатуға негіз болады.

Алматы әкімдігі мегаполис тұрғындары мен қонақтарын маска режимін және әлеуметтік қашықтықты қатаң ұстануға, жеке гигиена шараларын сақтауға шақырады. Денсаулықты қорғаудың бұл шаралары әсіресе тұрғындардың әлсіз топтарына – балаларға, егде жастағы, сонымен қатар, созылмалы аурулары бар адамдарға қатысты.

Қаланың бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшин қоғамдық көлікте санитарлық сақтық шараларын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Ата-аналарға балалар алаңында жүрген балаларына бақылауды күшейту ұсынылады. Вирустық аурулардың маусымдық өсуі кезінде барлық қала тұрғындары өздерін және өздерін қоршаған адамдарды қорғауы керек - маска режиміне бей-жай қарамаулары керек.

Карантин талаптарын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК; шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 230 АЕК (638 940 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 310 АЕК (861 180 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 1600 АЕК (4 444 800 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.