Жаңалықтар

ПТР-тест құны сатып әкелінген бағасынан неге қымбат – министрлік жауап берді

2020 жылғы 1 шілде 13:03
ПТР-тест құны сатып әкелінген бағасынан неге қымбат – министрлік жауап берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова ПТР-тестен өту құны – тестің өзінің сатып әкелінген бағасынан неліктен қымбат екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жерде төлем ПТР-тест үшін ғана жасалмайды. ПТР-тестілеу қызметі үшін де ақы алынады. Ол төлемге тестің өзі ғана емес, бұл қызметті жүргізуге қажетті материалдар шығыны да кіреді. Яғни онда 40-қа тарта зертханалық бұйым бар: материалдарға арналған зонттар, көліктік орта түтігі және тағы басқалар», - деді Людмила Бюрабекова.

Вице-министрдің айтуынша, бұл қызмет құнына медициналық қызметкерлердің қорғаныс құралдары мен айлығы да кіреді.

Еске сала кетсек, Людмила Бюрабекова бұған дейін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеу хаттамасына жаңа схема енгізілгенін мәлім еткен еді. Оның айтуынша, қазақстандық дәрігерлер анасынан коронавирус жұқтырып туған 21 сәбиді емдеп шығарған.