Жаңалықтар

Реанимацияға түсіп, қайтыс болғандардың дені - дер кезінде дәрігерге қаралмай, өзін-өзі емдегендер

2021 жылғы 22 шілде 02:03
Реанимацияға түсіп, қайтыс болғандардың дені - дер кезінде дәрігерге қаралмай, өзін-өзі емдегендер

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Реанимацияға түсіп, қайтыс болған пациенттердің басым бөлігі дер кезінде дәрігерге хабар бермей, өзін-өзі емдеумен айналысқан. 30 жылдық тәжірибесі бар инфекционист дәрігер, Нұр-Сұлтан қаласының көпсалалы медициналық орталығы директорының орынбасары Сәуле Атығаева осылай дейді.

Дәрігер өзін өзі емдеу қандай жағдайға жеткізетінін, реанимациялық төсектерге кімдер жиі түсетінін, ал КВИ-мен ауырғанда алдымен не істеу керектігін және вакцинацияның маңызын тілге тиек етті . Оның айтуынша, өзін-өзі емдеумен бірнеше күн айналысқан ауыр науқастар инфекциялық стационарларға жатқызылады. «Интернеттегі ақпараттар негізінде биологиялық қоспаларды, шөптерді, иммуностимуляторларды пайдаланып емделетіндер бар. Олар антикоагулянттарды бірден қабылдап жатады. Оны пайдалы және иммундық жүйені нығайтады деп санайды. Дегенмен бұл үйде емделудің ең тиімсіз және ең сауатсыз тәсілі. Мамандандырылған медициналық көмекке жүгінбеуі арқылы өз денсаулығына зиян келтіреді. Коронавирустың өте қауіпті екенін түсінуіміз керек. Ал мутацияланған «Дельта» штаммы тіптен жұқпалы. Яғни, өзің ғана емес жақындарыңның да реанимацияға түсуіне себеп болуың мүмкін», - дейді Сәуле Атығаева. Дәрігер науқастар ауру дендеп кеткен кезде медициналық көмекке жүгінетінін атап өтті. «Жоғары температура, ентігу, дем ала алмау секілді белгілері шыққанда ғана дәрігерлерге хабар береді. Өкініштісі, алтын уақытын өзін-өзі емдеймін деп жоғалтады. Қанша дегенмен стационарлық емдеу мен реанимацияға жеткізбейтін уақыты болды емес пе?!» - дейді ол. Маманның айтуынша, науқастардың басым бөлігі ауыр жағдайда келіп, тыныс алу аппаратын қолданады. «Өкінішке қарай, өзін-өзі емдеуден кейін бәрі бірдей аман қала бермейді. Біз уақыт жоғалтамыз, салдарынан науқастарды аман алып қалу мүмкін болмай жатады. Реанимацияға түсіп, қайтыс болған пациенттердің басым бөлігі дер кезінде дәрігерге хабар бермей, өзін-өзі емдеумен айналысқан. Ал айрықша айта кетерлігі, бұл науқастар вакцинацияланбаған! Вакцинаны толығымен алып, реанимация төсегінде жатқан бірде-бір науқас болған жоқ. Себебі біз білетіндей, вакцинация коронавирустың ауыр түрінен қорғайды. Ал реанимацияда жатқан науқастар уақытында вакцинацияланбағанына өкініп жатады», - дейді С. Атығаева.