Жаңалықтар

Сауд Арабиясы қажылыққа келушілерді коронавирусқа қарсы екпе алған жағдайда ғана қабылдайды

2021 жылғы 2 наурыз 08:31
Сауд Арабиясы қажылыққа келушілерді коронавирусқа қарсы екпе алған жағдайда ғана қабылдайды

КАИР. ҚазАқпарат – Мұсылман қажылары жаңа коронавирусқа қарсы вакцинациядан кейін ғана Мекке мен Мединедегі қасиетті орындарға үлкен және кіші қажылыққа бара алады. Мұндай шешімді Сауд Арабиясы билігі қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«Қажылыққа қатысудың басты шарты – жаңа коронавирусқа қарсы вакцина салдыру», - делінген елдің денсаулық сақтау министрі Тауфик ар-Рабианың мәлімдемесінде. Биыл үлкен қажылық шілденің екінші жартысына дөп келіп отыр. Былтыр пандемияға байланысты қажылық тек 10 мың адамның қатысуымен өтті, оның 30%-ы сауд арабиялықтар, 70% -ы елде тұратын шетелдіктер. Шетелден келген қажылар қажылыққа жіберілмеді. Арнайы рұқсаттарды беру кезінде басымдық 20-дан 50 жасқа дейінгі созылмалы аурулары жоқ, жаңа коронавирусты жұқтырмаған, бұрын қажылық өтемеген және карантин кезеңіне төтеп беруге дайын адамдарға берілді. Олардың арасында коронавируспен ауырып шыққан дәрігерлер де болды. Шетелдік журналистерге шараны жариялауға тыйым салынды. Өткен жылдың қараша айынан бастап Сауд Арабиясы 50 жасқа дейінгі қажылыққа келушілерге ПТР сынағы теріс болған жағдайда ғана кіші қажылыққа келуге елге біртіндеп кіргізе бастады.