Жаңалықтар

Сенат сайлауы: Бас санитар дәрігер маска режимін сақтауға шақырды

2023 жылғы 12 қаңтар 20:06
Сенат сайлауы: Бас санитар дәрігер маска режимін сақтауға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің бас санитар дәрігері – Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова адам көп жиналатын орындарда маска тағуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

14 қаңтарда өтетін Сенат депутаттарын сайлау науқаны қарсаңында бас санитар дәрігер коронавирус инфекциясы, тұмау және ЖРВИ таралуының алдын алу шараларын еске салды. «Елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Тәулігіне ПТР-дің оң нәтижесі бар 200-ге дейін COVID-19 жағдайы және теріс нәтижесі бар 10 жағдайға дейін тіркеледі. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес барлық өңір жасыл аймақта», - деді А. Есмағамбетова Орталық сайлау комиссиясының отырысында. Оның айтуынша, індеттің таралуының бір аптадағы көрсеткіші төмендеген. Яғни алдыңғы аптамен салыстырғанда 4% немесе 1135-тен 1089 жағдайға дейін азайған. Сонымен қатар 16 өңірде (Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары) R көрсеткіші бірліктен жоғары. Осы орайда бас санитар дәрігер халық көп жиналатын орындарда маска тағуды ұсынды. «Сайлау өтетін ғимараттарды желдетіп, маска режимін сақтаған жөн», - дейді ол.