Жаңалықтар

Шілде айында астаналықтардың коронавируспен аурушаңдығы 2,4 есе артқан

2021 жылғы 4 тамыз 17:14
Шілде айында астаналықтардың коронавируспен аурушаңдығы 2,4 есе артқан

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шілде айында астаналықтардың коронавируспен аурушаңдығы 2,4 есе өсті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордада коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жағдай қолайсыз болып тұр. Анықталған жағдайлар мен ауруханаға жатқызу саны әлі де жоғары. Алдыңғы аптадағы сырқаттану көрсеткіші – 885,3. Анықталған жағдай саны – 10 521. Ал соңғы аптадағы көрсеткіш – 875,8. Анықталған науқастар саны – 10 408. 10 мың тұрғынға шаққанда төсек-орынның жүктелім көрсеткіші 200-ден жоғары болды. Кешегі күннен бастап инфекциялық стационарлардың жүктелімі 69 пайызға жетті және елорда эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қою қызыл» аймақтан «қызыл» аймаққа ауысты. Бұл аймақта елорда 13 күн болды», - деді қаланың бас санитар дәрігері. Оның мәліметінше, шілде айында аурушаңдық деңгейі мамыр айындағы көрсеткіштен 2,4 есе, маусым айындағыдан 2,3 есе өскен. «Шілдеде пандемия басталғаннан бері 100 мың тұрғынға шаққандағы ең жоғары апталық көрсеткіш тіркеліп, 915,9-ға жетті. Жағдайлардың орташа тәуліктік тіркелуі маусым айындағы 388-ден шілде айында 1200-ге дейін өсті. Соңғы 19 күнде тәулігіне 1,5 мыңнан астам жағдай тіркелді. Бұрынғыдай сырқаттанудың ең жоғары деңгейі 30-39 жас аралығындағы ересектер арасында», - деді Сархат Бейсенова.