Жаңалықтар

ШҚО-да коронавирус жұқтырғандар азайды ма, Ashyq жобасының тиімділігі қандай - маманмен сұхбат

2021 жылғы 27 қыркүйек 20:24
ШҚО-да коронавирус жұқтырғандар азайды ма, Ashyq жобасының тиімділігі қандай - маманмен сұхбат

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Коронавирус пандемиясы Қазақстан тұрғындарының ғана емес, мұқым әлем халқының өмірін күрт өзгертті. Елімізде, оның ішінде шығыс өңірінде вирус жұқтыру көрсеткіші бірде өссе, бірде азайып отырды. Карантин шектеулері кейде қатаңдаса, кей кездері жеңілдеді. Ал бүгінгі жағдай қалай? Ashyq жобасы өз тиімділігін қаншалықты көрсетіп отыр? Мониторинг топтарының жұмысы қандай нәтиже беруде? Осы сұрақтардың жауабын алу үшін ҚазАқпарат тілшісі ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас маманы Бағлан Тауановамен сұхбаттасқан болатын.

- Пандемия басталғалы бері облыс бойынша қанша адам коронавирус жұқтырды? - Сол уақыттан бастан осы жылдың 26 қыркүйегіне дейін Шығыс Қазақстан облысында 44117 адам вирус жұқтырған. Оның ішінде 77%-ында, яғни 34133 науқаста ауру белгілері болса, қалғандары дертті симптомсыз өткерді. 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттану көрсеткіші – 3236,8 құрап отыр (республикалық көрсеткіш – 4695,9). Жыл басынан бері ШҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 39 қаулысы шықты. - Қазіргі уақытта өңірде вирусқа шалдыққандар азайып жатыр ма, әлде көбейді ме? - 15-22 қыркүйек аралығында өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 0,5%-ға төмендеген. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша облыс «сары» аймақта тұр. 26 қыркүйек күні өңірдің 10 аудан, қаласында 95 адамның ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері COVID-19 диагнозын растады. Оның 87-сі – ауру белгілері бар науқастар. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша зертханалық талдаулар 22 науқастан бұрынырақ КВИ жұқтырған адаммен жақын қарым-қатынаста болғаны үшін алынса, ЖРВИ белгілерімен өз өтінішімен түскен 67 пациенттен тексеру кезінде және 6 адамнан профилактикалық мақсатта алынды. - Ashyq жобасына Шығыс Қазақстанда қанша объект қатысып отыр? Бұл жоба өз тиімділігін қаншалықты көрсетуде? - Аталмыш жоба бойынша облыста 8441 мекеме жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде ресми қатысушылар – 8370, тестілік режимдегілер – 171. «Ashyq көшбасшылары» статусын беру алгоритміне сәйкес, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 26 тамыздағы №37 қаулысымен «Ashyq» жобасының 217 қатысушысы көшбасшы болып танылды. Тексеру барысында 73 объектіде шектеу шараларының бұзылуы анықталған. Сондай-ақ жобаға қосылған нысандарға «қызыл» және «сары» статусы бар 3669 адамның келуі тіркелді. Оның ішінде «қызыл» статусы бар – 1440, «сары» статусы бар – 2229 адам. «Сары» статусы анықталған тұлғаларға қатысты санитарлық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы 1900-ден астам қаулы шығарылды. «Қызыл» статусы бар 78 адамға қатысты әкімшілік шаралар қабылданған. ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес аталған азаматтарға 3 млн теңгеден астам айыппұл салынды. - Бүгінде облыста қанша мониторинг тобы жұмыс істейді? Рейд нәтижесі қандай? - Шығыс Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында объектілердің шектеу шараларын сақтауын бақылау үшін мониторингтік топтар құрылған. Бүгінде облыста осындай 200 топ бар. 2021 жылдың 1 қаңтары мен 26 қыркүйегі аралығында мониторинг топтары 21262 рейд жүргізіп, 61566 объектіні тексерді. Соның нәтижесінде 5348 нысанда бұзушылық анықталған. Түскен материалдар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес – 2392 хаттама толтырылды. Оның ішінде жеке тұлғаларға – 2171 , кәсіпкерлерге – 83, заңды тұлғаларға – 3, лауазымды тұлғаларға – 5. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы – 139 млн теңгеден асады.