Жаңалықтар

ШҚО-да пандемия басталғалы бері 35 мыңға жуық адам вирус жұқтырды

2021 жылғы 5 тамыз 14:31
ШҚО-да пандемия басталғалы бері 35 мыңға жуық адам вирус жұқтырды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында пандемия басталғалы бері 35 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда өңірде эпидемиологиялық жағдай өте тұрақсыз болып отыр. Бұл жайлы ШҚО Ақпарат орталығында өткен баспасөз брифингісінде облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев мәлім етті. «Пандемия басталғаннан бері аймақта 34 729 науқас тіркелген. Оның ішінде 25 754 адамда ауру белгісі байқалса, 8 975-і дертті еш симптомсыз өткерді. Соңғы тәулікте 288 адам вирус жұқтырған», - деді ол. Аурушаңдықтың дені Семей және Өскемен қалаларында анықталып отыр. Семейде пандемия басталғалы бері барлығы 10 525 КВИ жағдайы тіркелсе, соңғы тәулікте 140 адам қауіпті дертке шалдыққан. Ал Өскемен аумағында 1 күнде 111 жағдай анықталса, пандемия кезінде жалпы саны 10 744 тұрғын вирус жұқтырды. «Халықтың карантин шараларын сақтамауы індеттің өршіп кетуіне негізгі себепкер. Сондықтан барша жұртшылықты өзінің және жақындарының денсаулығы үшін жауапкершілік танытуға шақырамын. Коронавирус инфекциясына вакцина алып және шектеу шараларын қатаң сақтап қана қарсы тұра аламыз», - деді Қанат Тұрдиев.