Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда 1 мыңнан астам оқушы коронавирус жұқтырған

2021 жылғы 19 қаңтар 16:03
Шығыс Қазақстанда 1 мыңнан астам оқушы коронавирус жұқтырған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында 2020 жылғы 1 қыркүйек пен 2021 жылғы 18 қаңтар аралығында 1037 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Коронавирусқа қарсы ведомствоаралық комиссияның мәліметіне сенсек, оның ішінде 217 оқушы - кезекші сыныпта оқитындар, қалған 820-сы - қашықтан білім алып жатқандар. 18 қаңтардағы ақпаратқа сәйкес, 1 037 оқушының 970-і қауіпті вирустан жазылып, қазіргі таңда оқуын қайта жалғастыруда. Мектеп қабырғасында COVID-19 вирусын жұқтырған оқушы анықталған жағдайда, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, мектептердегі коронавирус инфекциясының ошағы саналатын сыныптарға қашықтан оқытуға ауыстыру туралы қаулы шығарылды. Қауіпті вирус анықталған барлық мектептерде эпидемияға қарсы санитариялық-дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді. ШҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2021 жылғы 3 қаңтардағы қаулысына сәйкес, 2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы бала саны 15 адамға дейін дәстүрлі форматта оқуға рұқсат берілді. Сыныптағы бала санын 15-тен асырмай, ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сыныпқа дейін кезекші сыныптардың оқуына рұқсат етілген. Оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) аптаның 6 күні ішінде аралас оқу қолданылады: пәннің 70% - штаттық режимде, 30% - қашықтан оқу форматында жүзеге асырылады. Білім мекемесі әкімшілігінің шешімімен сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат берілген.