Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда 163 нысан Ashyq жобасына қатысуда

2021 жылғы 6 мамыр 05:33
Шығыс Қазақстанда 163 нысан Ashyq жобасына қатысуда

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 163 нысан Ashyq жобасына қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде 26 сәуірде іске қосылған Ashyq жобасы бизнес субъектілерінде коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайтуға бағытталған. Арнайы жасалған қосымша ПТР-дің жалпы базасымен біріктірілген. Бұл әр азаматтың қауіпті дертке шалдыққанын немесе ауырғандармен байланыста болғанын анықтауға мүмкіндік береді. «Бүгінде өңірде 163 мекеме Ashyq жобасына қатысып отыр. Жобаға кірген кәсіпкерлік нысандардың қатарында сауналар, фитнес-орталықтар, СПА-орталықтар, бассейндер, компьютерлік клубтар, боулингтер, бильярдтар, кинотеатрлар, театрлар, қоғамдық тамақтану орындары, сондай-ақ облысаралық және қалалық тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпорындар бар. Ashyq жобасының мақсаты – вирус жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға бару жағдайларын болдырмау. Сонымен қатар бизнес нысандарын қала немесе ауданның «қызыл» немесе «сары» аймақта болуына қарамастан, халыққа қауіпсіз қызмет көрсетуін қамтамасыз етуге бағытталған» деп хабарлады ШҚО ақпарат орталығы. Ashyq қосымшасы індеттің таралуының алдын алуға мүмкіндік береді. Десе де, ол кәсіпкерлік субъектілерін санитарлық нормаларды сақтау жауапкершілігінен босатпайды.