Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда 700 мыңнан астам адам вакцина алды

2021 жылғы 21 қазан 14:45
Шығыс Қазақстанда 700 мыңнан астам адам вакцина алды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 700 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша 713 мың адам COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаның толық курсын аяқтады. Ал 840 мың адам екпенің бірінші компонентін салдырған. Қазіргі уақытта аймақта вакцинаның үш түрі бар, атап айтқанда Спутник V, QazVac, Sinopharm. «1 ақпаннан бастап облысқа коронавирусқа қарсы екпенің 1,7 миллионға жуық дозасы жеткізілді. Оның ішінде бірінші компоненттің 868 мың, екінші компоненттің 831 мың дозасы бар. Қазіргі уақытта егу пункттерінде бірінші компоненттің 28 мың дозасы, екінші компоненттің шамамен 118 мың дозасы қалды», - делінген ақпаратта. Бұған дейін Шығыс Қазақстанның 747 мың тұрғынына вакцина салдыру жоспарланған болатын. Осылайша, аймақ вакцинациялау жоспарын 95 пайызға аяқтады.