Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда оқшаулау режимін бұзған 16 адамға айыппұл салынды

2021 жылғы 28 қыркүйек 21:49
Шығыс Қазақстанда оқшаулау режимін бұзған 16 адамға айыппұл салынды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған 16 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқшаулану тәртібін елемеген 16 адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылған. Оның ішінде Семейден - 13, Өскеменнен - 2 және Алтай қаласынан 1 адамнан анықталып отыр. «Бүгінгі таңда өңір бойынша «Ashyq» жобасына 8566 нысан (ресми қатысушылар – 8382, сынақ режиміндегілер – 184) қатысуда. Соның нәтижесінде 10 маусым мен 26 қыркүйек аралығында «қызыл» мәртебесі бар 1476 адам, «сары» мәртебедегі 2295 адам түрлі объектілерге кіргізілмеді», - делінген хабарламада. Осы ретте департамент мамандары үй карантиніндегі облыс тұрғындарын талапты сақтауға шақырады. Сондай-ақ науқаспен байланыста болған азаматтар басқаларға вирус жұқтырмас үшін оқшаулау режимін қатаң ұстануы тиіс.