Жаңалықтар

СІМ: Анталияда 55 қазақстандық КВИ жұқтырды деген ақпарат - жалған

2020 жылғы 26 маусым 19:13
СІМ: Анталияда 55 қазақстандық КВИ жұқтырды деген ақпарат - жалған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Анталияға ұшып келген 55 қазақстандық коронавирус инфекциясымен емханаға түсті деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік желілерде Анталияға ұшып келген 55 қазақстандық коронавирус инфекциясымен емханаға түсті деген ақпарат тарап кетіпті. Бұл мәліметті Түркияда тұратын бір кәсіпкер Динара Сәтжанның Instagram парақшасындағы жазбаның астына қалдырған. Желідегі қауым бұл сенсацияны іліп алып, талқылап кеткен екен. Журналист Михаил Козачков осы пікірдің скринін алып, өзінің телеграм-арнасында жариялаған. Онымен сөйлестім. Енді келіп, осы хабарламаға байланысты БАҚ тарапынан растаңыз немесе жоққа шығарыңыз деген кейіпте сұрақтар түсіп жатыр», - деп жазды Айбек Смадияров Facebook парақшасында.

СІМ ресми өкілі әлгі пікірдің авторымен сөйлескенін жазады. Кәсіпкер өзінің бір ауыз пікірі осыншама дау туғызады деп ойламаса керек.

«Ол жалған ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрады», - дейді Айбек Смадияров.