Жаңалықтар

СҚО-да 154 мыңға жуық адам вакцинацияның толық курсынан өтті

2021 жылғы 4 тамыз 21:40
СҚО-да 154 мыңға жуық адам вакцинацияның толық курсынан өтті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус екпесін алуы тиіс халықтың жартысы вакцинация курсынан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Татьяна Горлованың айтуынша, өңірде коронавирус вакцинасының бірінші компонентін 199 458 адам алса, ал толық курстан 153 984 адам өтті. Бұл СҚО-да барлық алуы тиіс халықтың - 49,5 %-ы. Жалпы соңғы аптада өңірде 1 048 адам КВИ жұқтырған. Олардың арасында екпе алғандар жоқ. Ауырғандармен 1732 адам байланыста болған. Олардың 403-і вакцина алғандар. «Ауырғандармен байланыста болғандар, алайда екпе алғандар үй карантиніне алынбайды. Лабораториялық зерттеулерден де босатылады. Алайда дәрігерлердің бақылауында болады. Бірақ олар барлығымен бірдей маска тағып, санитарлық талаптарды сақтаулары қажет. Вакцинаның бірінші компонентін алғандарда әлі иммунитет қалыптасып үлгерген жоқ. Ол толық курстан өткесін, тек 45 күннен кейін ғана жұмыс істей бастайды. Ол үшін шамамен екі ай өтуі қажет. Міне осы аралықта инфекцияны жұқтыру қаупі бар. Алайда жұқтырғанның өзінде ол жеңіл өтеді», - дейді Татьяна Горлова.