Жаңалықтар

СҚО-да COVID-19 жұқтырғандардың жартысына жуығы шет елден келгендер

2020 жылғы 27 мамыр 12:18
СҚО-да COVID-19 жұқтырғандардың жартысына жуығы шет елден келгендер

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бүгінге дейін жұқпалы індеттің 49 дерегі тіркелсе, соның 24-і шет елден келгендерден анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, COVID-19 жұқтырғандардың біреуі Мысыр елінен, екеуі – Ұлыбританиядан және қалған 21-і Ресейден келген. Сырттан науқастанып келгендердің негізгі бөлігін студенттер, көлікпен жүк тасымалдаушылар және вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер құрайды.

Мамандардың айтуынша, сырқаттанғандардың 78%-ында жұқпалы індеттің еш белгісі болмаған. Қазіргі таңда СҚО-да 24 мың адам COVID-19 тексерілді.

Коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 7% артқан жағдайда Ведомствоаралық комиссияның шешімімен карантин режимі қайта қатаңдатылады.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде инфекциялық стационарда 14 адам ем алып жатыр. Карантиндік стационарда – 100, провизорлық стационарда – 41 және үй карантинінде 467 адам отыр.