Жаңалықтар

СҚО-да коронавирустан қайтқандардың 78 пайызы - 61 жастан асқандар

2021 жылғы 21 қазан 17:07
СҚО-да коронавирустан қайтқандардың 78 пайызы - 61 жастан асқандар

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ардагерлер кеңесі халықты коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырып, үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-ның ардагерлер кеңесі халықты, соның ішінде егде жастағы замандастарын коронавирусқа қарсы екпе алуға шақырды. Аға буын өкілдерінің алаңдайтын жөні бар. Сырқаттанып, инфекциялық стационарда ем алып жатқандардың 65 % – жасы 61-тан асқандар. «Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, соңғы екі аптада сырқаттанғандар саны 1,6 есеге артқан. Инфекциялық стационарларда 700-ден астам сырқат жатыр. Олардың басым бөлігі – зейнеткерлер. Азаматтардың бұл санатының денсаулығы әлсіреген, көбінің ілеспе аурулары болғандықтан қатер тобына кіреді. Пандемия басталғалы Covid-19-дан 266 адам қайтыс болды, олардың 78 % - жасы 61-ден асқандар», - дейді ардагерлер. СҚО-дағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз, өңір ай басталғалы «қызыл» аймақта. Ардагерлер кеңесінің өкілдері тек вакцинацияның ғана пандемияны жеңудің жалғыз дұрыс және ғылыми негізделген әдісі екенін еске салды. «Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі бүгінгі күні бұлтартпас фактілермен дәлелденген: инфекциялық стационарларда емделіп жатқан пациенттердің 99 %-ы – екпе алмаған. Вакцинацияланған адамдар ауруды жеңіл өткереді және олардың басқаларға қарағанда жұқтыру қаупі аз. Біз бәріміз қалыпты өмірге тезірек оралғымыз келеді. Аға буын өкілдері ретінде біз сіздерді ғалымдар мен медицина қызметкерлерінің пікіріне құлақ асуға шақырамыз. Біз аға буын өкілдеріне жүгінеміз. Сіздер біздің жастарымызға әрдайым үлгісіздер. Біз сіздерді жақын арада вакцина алуға, осылайша өзіңізді және жақындарыңызды қатты ауырудан қорғауға шақырамыз», - дейді ардагерлер кеңесінің өкілдері.