Жаңалықтар

«Спутник V»: Атырауда ІІ компоненттің 39 мың дозасына сертификат кешігуде

2021 жылғы 15 маусым 15:16
«Спутник V»: Атырауда ІІ компоненттің 39 мың дозасына сертификат кешігуде

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауға жеткізілген «Спутник V» вакцинасының ІІ компонентіне арналған 39 850 дозаның сертификаты кешіктіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, маусымда өңірдегі фармацевтикалық қоймаға «Спутник V» вакцинасының ІІ компоненті үшін 39 850 доза жеткізілген. Алайда, бұл дозаларға Ресейден келетін сертификаттар кешіктірілуде. Сертификаттар 16-18 маусымда жеткізіледі деп күтіліп отыр. «Биылғы 1 ақпаннан бері Атырау облысына «Спутник V», «Qazvac» «Hayat-Vax» вакциналарының ІІ компоненті үшін 32 350 доза сертификаттарымен жеткізілді. Қазір бұл компонентті 23 505 адам салдырды» -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі. Коронавирусқа қарсы вакциналардың ІІ компонентін алғандар арасында 2 298 педагог, 608 полицей, 208 студент, медицина саласының 2 601, арнайы мекемелердің 95, құқық қорғау органдарының 1 578 қызметкері бар. Сондай-ақ, 419 мемлекеттік қызметші, созылмалы ауруы бар 243 адам мен жергілікті 15 455 тұрғын салдырған. Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда вакцина салдырғандар саны 65 мыңнан асқанын жазған болатынбыз.