Жаңалықтар

Тексерушілер той өтіп жатқан мейрамханаға екі сағат кіре алмаған – ШҚО

2020 жылғы 25 қараша 20:09
Тексерушілер той өтіп жатқан мейрамханаға екі сағат кіре алмаған – ШҚО

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы мониторингілік топ мүшелері кезекті рейд барысында шектеу шараларына қарамастан той өтіп жатқан мейрамхананы анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар көбейіп, өңір «қызыл аймаққа» кіргеніне қарамастан карантин талаптарына бағынбай, той өткізіп жатқандар әлі де кездесуде. Кәсіпкерлер өз мейрамханаларының есіктерін жауып, келушілердің автокөліктерін басқа жақтағы көлік тұрақтарына қою сынды қулықтарға баруда. 25 қараша күні мониторингілік топ той жүріп жатқан тағы бір мейрамхананы анықтады. «Мейрамхананың жұмысшылары бізге есікті біраз уақыт ашпай тұрды. Осылайша, екі сағаттан артық далада жүрдік. Тексеру кезінде белгілі болғандай, үйлену тойына 100-ден астам адам жиналған, мейрамхана жұмысшыларын қосқанда 120 адамнан асады. Материалдар жиналып, тиісті органдарға жіберілетін болады», - деді «Семей - адаллық алаңы» штабының жетекшісі Дариға Дайрова. Оның айтуынша, тұрғындар шектеу шараларын елемей, отбасылық мерекелерді өткізуді жалғастыруда. 1 қазаннан бастап Семейде 112 рейд жүргізіліп, 1543 бизнес нысаны тексерілген. Соның нәтижесінде 210 заңбұзушылық анықталды.