Жаңалықтар

Тоғжанов QazVac туралы: Қолда бар алтынның қадірі жоқ

2022 жылғы 27 қаңтар 14:43
Тоғжанов QazVac туралы: Қолда бар алтынның қадірі жоқ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Pfizer вакцинасын егуді талап еткен қазақстандықтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткенде, кездесулерде «Pfizer қайда, Pfizer қайда?» деп елдің бәрі қоймайды. Бүгінде QazVac сапа деңгейі жағынан 86-дан 92 пайызға дейін кем емес. Бұл - өте байыпты нәтиже. Бүгінде бірде-бір вакцина мұндай деңгейде мақтана алмайды. Сондықтан да журналистерге кездесу барысында бәрін түсіндірдік. Бұл жайында айта беретін боламыз», - деді Үкімет басшысының орынбасары Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында. Осы ретте вице-премьер қазақтың «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген мақалын алға тартты. «Басқа елдің вакцинасы керек деп қоймайды. Өзіміздің вакцина туралы біреуі аузын ашпайды. Өзімізді өзіміз айтпағанда кім айтады? Басқа мемлекеттер айтып жатыр. Соның бәрін ескерейік. Мұның бәрін мұқият қарастыру керек», - деді Ералы Тоғжанов.