Жаңалықтар

Той өткізуге мейрамханасын берген 400-ге тарта кәсіпкерге айыппұл салынды

2020 жылғы 28 қыркүйек 12:36
Той өткізуге мейрамханасын берген 400-ге тарта кәсіпкерге айыппұл салынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Той немесе еске алу шарасын өткізуге нысанын берген 394 кәсіпкерге айыппұл салынған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

«Тыйымды елемей той, еске алу шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) өткізуге нысанын берген кәсіп иелеріне қатысты құқық бұзушылық туралы 394 хаттама толтырылды», - деп жауап берді министрлік ҚазАқпараттың ресми сауалына.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-тармағына сәйкес аталған адамдар (шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар) 230 АЕК айыппұл қарастырылған.

Сонымен қатар, тыйымды елемей той, еске алу шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) үйінде өткізген жеке тұлғаларға қатысты құқық бұзушылық бойынша 716 хаттама толтырылған. Әкімшілік кодекстің 425-бабының 1-тармағына сәйкес оларға 30 АЕК айыппұл салынған.

Еске сала кетсек бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі карантиндік шектеулерге қарамастан ең көп той өткен өңірлерді атаған болатын. Олардың қатарында Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы өңірлері тұр.