Жаңалықтар

Түркістан облысында корнавирус вакцинасы алдымен медицина қызметкерлеріне салынады

2021 жылғы 19 қаңтар 22:51
Түркістан облысында корнавирус вакцинасы алдымен медицина қызметкерлеріне салынады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында корнавирусқа қарсы екпе медицина қызметкерлерінен бастап салынады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марат Пашимовтың айтуынша, өңірде пандемияның ықтимал екінші толқынында аурудың таралуын болдырмау мақсатында тиісті шаралар қолға алынуда. Осыған байланысты аймақта 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары жүргізілмек. «Қазіргі таңда облыс бойынша 610 инфекциялық және 340 карантиндік төсек-орын ұйымдастырылған. Бүгінде инфекциялық төсек-орындар санының жүктемесі - 23,6%, карантиндік төсек-орынның жүктемесі - 13%-ды құрап отыр. Қажет болған жағдайда инфекциялық төсек-орындар санын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, 12 бірлік жылжымалы медициналық кешен жиынтығы сатып алынып, аудандарды қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызды құрады. Жедел-жәрдем қызметіне 122 автокөлік сатып алу жоспарланып, 77 автокөлік жеткізілді. Бұл автокөліктер жедел-жәрдем қызметі паркін 96%-ға жаңартуға мүмкіндік береді», – деді М.Пашимов. Өз кезегінде облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов 1- 19 қаңтар аралығында COVID-19 расталған 231-жағдай тіркелгенін атап өтті. 100 мың халыққа шаққандағы интенсивтік көрсеткіш 11,4 құрағанын жеткізді.