Жаңалықтар

Түркістан облысының дәрігерлері кәсіби мереке қарсаңында марапатталды

2021 жылғы 18 маусым 22:52
Түркістан облысының дәрігерлері кәсіби мереке қарсаңында марапатталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Түркістан облысының дәрігерлері марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов дәрігерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, жұмысына табыс тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға медицина саласының менеджерлері мен дәрігерлер қатысты. Салтанатты шарада біліктілігі және кәсібилігімен көзге түскен дәрігерлер «Үздік хирург» номинациясына - облыстық клиникалық аурухана бас дәрігерінің хирургия бойынша орынбасары Мақсұт Аймағамбетов, «Үздік терапевт» аталымына - Бағила Таштаева ие болды. «Үздік акушер-гинеколог» №1 облыстық перинаталдық орталығының акушер-гинеколог дәрігер Абдысаттар Дүйсенов болса, «Үздік педиатр» Бақыт Есіркепова және Төлеби аудандық ауруханасының дәрігері Лола Шаншарова «Үздік жалпы тәжірибе дәрігері» атанды. Сондай-ақ, «Үздік медицина мекемесі» Түркістан облыстық балалар ауруханасы деп танылды. «Бүгінде бүкіл ел ұстамдылықты талап ететін күрделі кезеңді бастан кешуде. COVID-19 індетінің таралуы тек денсаулық сақтау жүйесінің ғана емес, елдің экономикалық және адами ресурстарының да беріктігін сынауда. Дейтұрғанмен, біз қиын кезеңді еңсердік», – дейді облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов. Айта кетейік, аймақта бүгінде жалпы 23 429 медицина қызметкері бар. Оның 5000-нан астамы - дәрігерлер, қалғаны - орта буын мамандары. Ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 6 324 науқас толық жазылып шыққан. Дәрігерлердің ерлігі мемлекет тарапынан лайықты бағалануда. Былтыр ерекше еңбегімен көзге түскен бірқатар медицина қызметкері Мемлекет басшысының шешімімен «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға көбейіп, дәрігерлердің орташа жалақысы 271 мың теңгеге, ал орта медициналық қызметкерлер жалақысы 162 мың теңгеге дейін өскен.