Жаңалықтар

Үкімет коронавирустың ықтимал толқыны үшін барлық шараларды жасап жатыр – Асқар Мамин

2020 жылғы 20 қазан 11:07
Үкімет коронавирустың ықтимал толқыны үшін барлық шараларды жасап жатыр – Асқар Мамин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет коронавирус инфекциясының жаңа кезеңіне дайындық үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы пандемия кезеңінде негізгі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың республикалық және өңірлік тұрақтандыру қорын құруды тапсырды. Үкімет коронавирус инфекциясының жаңа кезеңіне дайындық, медицина ұйымдарын және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Биыл міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде тегін дәрілік заттардың тізбесі 3 есе немесе 45-тен 137 дәрі-дәрмек түрлеріне дейін ұлғайтылды», - деді Премьер-Министр бүгінгі Үкімет отырысында. Үкімет басшысы тамыз айынан бастап азаматтарға коронавирустан үйде емделу үшін дәрінің 5 түрі тегін берілетінін еске салды. Қазіргі уақытта жеке қорғаныс құралдары мен 91 дәрі-дәрмектен тұратын екі айлық республикалық және өңірлік қор жасау бойынша нақты жұмыс атқарылды. Дәріханаларда тапшылыққа жол бермеу үшін СҚ-Фармация бөлшек сауда желісін көбейту үшін аса қажетті 33 препаратты сатып алып жатыр. «Дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры бар. Барлық өңірде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін көлемі 13 млрд теңгеден астам сақтандыру қоры құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Ведомствоаралық комиссияның шешімімен жергілікті бюджеттің есебінен қажетті дәрілік заттарды сатып алу үшін Тұрақтандыру қорын қалыптастыру әдістемесі бекітілді», - деді Асқар Мамин.