Жаңалықтар

Вакцинациядан кейін стационарға түскендер саусақпен санарлық - Сәуле Атығаева

2021 жылғы 4 тамыз 19:08
Вакцинациядан кейін стационарға түскендер саусақпен санарлық - Сәуле Атығаева

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Вакцина алып, қайта коронавирус жұқтырғандардың өкпесі неге жиі зақымданады? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде жоғары санатты инфекционист дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Сәуле Атығаеваға осындай сауал қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынында да, науқастар арасында вакцина алғандар бар. Әзірге олардың үлесі өте төмен. Стационарға түскендер тіпті, саусақпен санарлық. Вакцинациядан кейін науқастар вирусты орташа ауыр өткізеді. Өкпенің зақымдануы да минималды – 4, 5, 10% ғана. Олар реанимацияға түспегенін де айту керек. Стационарда емделу мерзімі де екпе алмағандарға қарағанда әлдеқайда қысқа», - деді маман. Сондай-ақ, ол вакцина алып, қайта вирус жұқтырғандардың көбі антидене қалыптаспай жатып вирусқа тап келгендер екенін түсіндірді. «Егер вакцина алғаннан кейін екі-үш апта ішінде ағзаға вирус түссе, инфекция өршуі мүмкін. Вирус шырышты қабықтардан өкпе тініне, сол арқылы басқа органдар мен жүйелерге енуі ықтимал. Сондықтан әр жағдайды жеке зерттеу қажет. Әдетте, біз өз клиникамыздың деңгейінде зерттеу жүргізген кезде, вакцинадан кейін ауырып жүгінгендердің көбі 3, 5, 10 күн бұрын ғана екпе алғанын байқап отырмыз. Стационарға осындай науқастар түседі. Иә, вакцина алған адамдар да ауыруы мүмкін. Бірақ олар жеңіл түрде ауырады. Вакцина - сырқаттың ауыр өтуінен қорғап, өлім-жітімнің алдын алады. Бұл - өте маңызды» - деді Сәуле Атығаева.