Жаңалықтар

Вакцинаға қатысты халық арасында түрлі сұрақтың туындауы заңды – эпидемиолог

2021 жылғы 14 сәуір 12:47
Вакцинаға қатысты халық арасында түрлі сұрақтың туындауы заңды – эпидемиолог

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР клиникалық және іргелі медицина академигі, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының және Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Сәкен Әміреев онлайн брифинг барысында вакцинациялау ісіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, кез келген вакцина шығару ісінде алдымен оның қауіпсіздігі мен қорғаныш қасиетіне көңіл бөлінеді. «Қазір бірнеше мемлекетте коронавирусқа қарсы вакцина шығарылып жатыр. Соның ішінде Ресей төрт түрлі вакцина, ал Қазақстан бір вакцинаны өндіруді қолға алды. Бұл вакциналардың тиімділігі қандай дегенге келсек, жалпы кез келген вакцинаға қауіпсіздігі мен қорғаныш қасиеті жайлы шарт қойылады. Қауіпсіздік мәселесі өте маңызды. Кейде өте сирек болса да, оның асқынуларын байқауға болады», - дейді ол. Сонымен қатар ол халыққа қазіргі вакциналау ісін жан-жақты түсіндіру қажеттілігін айтты. «Коронавирусқа қарсы вакцина жақында шыққандықтан халық арасында оған қатысты сұрақтың туындауы заңды. Оны біз дұрыс түсіндіре білуіміз керек. Дегенмен қорқатын ештеңе жоқ. Бұл вакцинаны жасамасақ, халықтың көпшілігін қорғай алмаймыз. Қазір әлем бойынша осы вакцинамен ғана қорғана аламыз деген қағида қабылданды. Оған қоса бұл вакцина қанша уақытқа дейін сақтайды деген сұрақтар туындауда. Оған жауап беру үшін біраз уақыт керек», - дейді профессор. Эпидемиологтың сөзінше, вакцинаның арқасында ұжымдық иммунитет қалыптасады. Яғни, пандемия төмендейді. «Өздеріңіз білесіздер, көптеген инфекциялық ауруларды тек вакциналардың көмегімен жеңді. Сондықтан біз уақытында вакцинациядан өтуіміз керек. Адамдар вакцина алудан қорқады. Пандемияны тоқтату үшін халықтың 95% вакцинациядан өтуі керек. Бұл вирусты вакцинасыз тоқтату мүмкін емес»,- дейді спикер.