Жаңалықтар

Вакцинаның жанама әсеріне шалдығу найзағай түсу ықтималдығымен бірдей  – Алмаз Шарман

2021 жылғы 4 тамыз 18:03
Вакцинаның жанама әсеріне шалдығу найзағай түсу ықтималдығымен бірдей  – Алмаз Шарман

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Профилактикалық медицина академиясының президенті, Америка денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман вакцинациядан кейінгі жанама әсерлерден қорқу найзағайдан қорқып, жауынды күні көшеге шықпаумен бірдей әрекет деген ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус бүгінде алдын алуға болатын ауру. Вакцина 100 пайыз болмаса да, коронавирус инфекциясынан, сырқаттың ауыр өтуінен қорғайды. Бүгінде әлемде түрлі вакциналардың 4 млрд дозасы егілді. Әрине, вакцинаның өзі вирус тудырмайды және вакцина алғандар іс жүзінде ковидтен өлмейді. Вакцинаны 100 пайыз қауіпсіз деп те айта алмаймыз. Өте сирек жағдайларда олар аллергиялық реакция немесе қанның ұюы сияқты жанама әсерлерді тудыруы мүмкін. Мұндай реакциялар вакцина алған 50 мың адамның біреуінде ғана кездеседі. Бұл ықтималдылықты найзағай түсуі ықтималдығымен салыстыруға болады. Бұл өте сирек кездеседі», - деп түсіндірді сарапшы. Сонымен қатар, ол вакцина алмаған әр бесінші адам қан ұю қаупіне шалдығатынын айтты. «Бұл қауіптің ықтималдығы вакцина алғаннан кейінгі ықтималдықтан мың есе жоғары. Вакциналар жаңа туған нәрестелерде репродуктивтік ауытқулар мен деформациялардың дамуына әкелмейді. Керісінше, ковидпен ауыратындар бедеуліктің, шала туылудың, сондай-ақ мидың, жүректің, басқа органдардың созылмалы сырқатының, оның ішінде ақыл-ой қабілетінің төмендеуінің үлкен қаупіне ұшырайды», - деді Алмаз Шарман.