Жаңалықтар

Жамбыл облысына «Спутник V» вакцинасының 5,2 мың дозасы жеткізілді

2021 жылғы 5 наурыз 05:14
Жамбыл облысына «Спутник V» вакцинасының 5,2 мың дозасы жеткізілді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысына коронавирусқа қарсы екпенің екінші кезеңі үшін, яғни мұғалімдерді егуге «Спутник V» вакцинасының 5250 дозасы жеткізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында вакциналаудың 1-ші кезеңі бойынша 850 медицина қызметкері ресейлік «Спутник V» вакцинасының 1-компонентімен егілді. Олар осы аралықта екінші рет, яғни 21 күннен кейін «Спутник V» вакцинасының 2-компонентін алды. Аймақтың бас дәрігерінің айтуынша, вакцинадан кейін адамдардан кері әсерлер байқалмаған. Ал 2 наурызда «Қарағандыфарм» зауыты базасында өндірілген «Спутник V» вакцинасының 5250 дозасы Шымкент қаласы арқылы Жамбыл облысына жеткізілді. Қазір аталған препараттар вакциналаудың 2-кезеңін өткізу үшін Денсаулық сақтау басқармасының қоймасында тұр. Жалпы екпенің 2-ші кезеңінде вакцина жалпы білім беретін мектептердің, бірінші кезекте бастауыш сыныптардың мұғалімдеріне салынады. Алғашқы кезеңнен тыс қалған медицина қызметкерлері де қамтылатын болады. Вакцинаның түсуіне қарай екпенің үшінші кезеңінде студенттер, білім беру мекемелерінің, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, құзырлы құрылымдардың қалған барлық қызметкерлері, сондай-ақ халық санағымен айналысатын қызметкерлер және созылмалы аурулары бар адамдар қамтылатын болады. «Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаудың 1 және 2-кезеңін өткізу үшін облыста 20 емдеу мекемесі, оның ішінде Тараз қаласының 9, Шу қаласының және облыстың 10 аудандық емханалары жұмыс істеуде. Барлық жұмылдырылған емханаларда егу жұмыстарын жүргізу санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады» — деді, Ә. Қалиев. Айта кету керек, жоспар бойынша Жамбыл облысында биыл вакцинаның түсуіне қарай 18 жастан асқан 593 700 адам екпе жасата алады. Бұл – облыс халқының жалпы санының 52 пайызы деген сөз. Бұдан басқа, кейіннен халықтың қосымша осал топтарын қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін өңірдің білім саласы қызметкерлеріне вакцина жасау басталып кетті.