Жаңалықтар

Жасөспірімдерге КВИ-ге қарсы екпе салу қандай нәтиже береді? – маман пікірі

2022 жылғы 24 наурыз 12:00
Жасөспірімдерге КВИ-ге қарсы екпе салу қандай нәтиже береді? – маман пікірі

Қазақстанда жасөспірімдерге вакцина cалу және ревакцинация жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Бүгінге дейін елімізде 760 мыңға жуық мектеп оқушысы мен колледж студенті вакцина салғызған. Әйтсе де көпшілік арасында «Балалар мен жасөспірімдерге COVID-19-ға қарсы вакцинаны салдыру қаншалықты дұрыс әрі тиімді?» деген жиі қойылады. Кейбір ата-аналар Батыс елдері мен АҚШ-та жаппай вакциналау оң нәтиже бергеніне көз жеткізіп, балаларына вакцина салғызуға рұқсат беріп жатса, кейбіреуі қарсылық танытып отыр. Осы орайда жасөспірімдерге КВИ-ға қарсы вакцина салудың тиімділігі жөнінде Нұр-Сұлтан қаласының №14 емханасының дәрігер-педиатры Хайретдинова Альбина Қасымқызымен әңгімелескен едік.

Альбина Қасымқызы, күн сайын алдыңызға жүздеген балалар келіп жатады. Тәжірибеңізбен бөлісссеңіз. Жалпы, вакциналау арқылы біз балалардың КВИ-ды жұқтыру көрсеткішін қаншалықты азайта аламыз?

Қазір біздің елде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде балаларды КВИ-ға қарсы вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Бұл, әрине, балалар арасында ауру көрсеткішін төмендетуге әрі КВИ-дың алдын алуға мүмкіндік береді. Әрі екпе жасөспірімдерге COVID-19-дан тез жазылуға, аурудың жеңіл өтуіне көмектеседі.

Қазір жасөспірімдер мен балалар арасында КВИ жұқтыру көрсеткіші қандай? Вакцина салғызу арқылы оқушылар арасында індетті жұқтыру деңгейін азайта алдық па?

Балаларға вакцина салуды былтырдан бастап қолға алдық қой?! Одан кейінгі нәтиже жақсы деп айтуға толық негіз бар. Себебі, бұған дейін жеткіншектер коронавируспен жиі ауырса, қазір ауру көрсеткіші әлдеқайда төмен. Әрине ол коронавирустың жалпы әлем бойынша таралу деңгейінің азаюымен байланысты болуы мүмкін. Алайда бұл көрсеткішке жетуде вакцинаның да оң ықпалы бар деп санаймын. Вакцина салғызғанмен, вирус жұқтырғандар бар, жасырмаймын. Бірақ көбі вирусты жеңіл өткізіп жатыр.

Кейбір ата-аналар балаларға вакцина салдыруға әлі де үзілді-кесілді қарсы. Педиатр-дәрігер ретінде түсіндіріп кетсеңіз, негізі иммунитеті жоғары балаларға вакцина алудың қажеті бар ма? Вакцина керісінше иммунитетті төмендетпей ме?

Вакцина салғызуға қарсы болып жатқан ата-аналар әлі де баршылық. Біз оларға барынша түсіндіруге тырысамыз. «Вакцинаның қандай пайдасы бар?», «Ағзаға қалай әсер етеді?», «Болашақта вакцинаның ағзаға қандай әсері болуы мүмкін?» т.с.с. ата-аналарды жиі мазалайтын сұрақтарға міндетті түрде жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Баланың иммунитеті жоғары, көп ауырмайды деп, вакцинадан бас тартудың қажеті жоқ. Иммунитеті жоғары балалардың өзі КВИ жұқтыруы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, бұл індет жасты да, кәріні де аямайды. Оған бәріміз пандемияның алғашқы толқындарында куә болдық. Сол себепті вакцина салған соң, иммунитет төмендейді деген жаңсақ пікірдің қалыптасуына жол бермеуіміз керек. Вакцина керісінше иммунитетті көтереді немесе ағзада сол ауруға қарсы иммундық жүйені қалыптастырады. Тағы бір ескеретін жайт, қауіпті вирус жақын арада, тіпті өмірімізден, тіршілік ортамыздан ұшты-күйлі жоғалып кетпейді. Сондықтан алда-жалда вирусты жұқтырып алған күннің өзінде, оның жеңіл өтуіне дайын болуымыз керек. Ал оның бірден-бір жолы жаңағы мен атап айтқан – вакцинация.

– Балалар арасында КВИ жұқтыру қаупін азайту үшін, педиатр маман ретінде қандай кеңес айтар едіңіз?

Біріншіден, гигиена. Әсіресе әрдайым қолды таза ұстауға мән беру. Айта беруден жалықпаймын. Даладан, көпшілік ортадан келген соң, міндетті түрде қолды сабынмен мұқият жууды ұмытпау керек. Содан соң мұрын қуысы мен ауызды да шайған абзал. Екіншіден, аурудың алдын алу және вакцина салғызу. Үшіншіден, дұрыс тамақтану, дәрумендер ішу. Бұл ретте балалар да, ересектер де жеміс-жидек мен көкөністі міндетті түрде күнделікті тамақ рационына қосуы қажет. Себебі көкөністе, өзіңіз білесіз, дәрумен көп. Төртіншіден, уақтылы ұйықтау. Осы ережелер баяғысынша аурудың алдын алып, оны жұқтыру қаупін төмендетеді.

КВИ-мен бір рет ауырған балалардың вирусты қайта жұқтырған жағдайлары жиі кездесті ме?

Өз тәжірибемде әзірге КВИ-мен бір рет ауырған балалардың қайта ауырған жайттары кездескен жоқ. Ал коронавируспен ауырғаннан соң, ауру белгілері коронавирусқа ұқсайтын ЖРВИ жұқтырған балалар болды. Бірақ ондай балалардың ПТР тест нәтижесі теріс болып шықты. Сондықтан олар КВИ-ды қайта жұқтырды деп айта алмаймыз. Бұл енді менің жеке тәжірибемде кездескен жайттар. Бәлкім басқа әріптестерім мұндайды кездестірген шығар, бірақ өз тәжірибемде ондай болмады.

Әңгімеңізге рахмет!

Авторы: Майнұр Ысқақ