Жаңалықтар

Жеңіс Қасымбек: Жерлеу қызметтерінің бағасын қымбаттату адамгершілікке жатпайды

2020 жылғы 7 шілде 18:32
Жеңіс Қасымбек: Жерлеу қызметтерінің бағасын қымбаттату адамгершілікке жатпайды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – «Жаңаарқа ауданында коронавирустан күніне бес адамға дейін қайтыс болады» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Saryarqa телеарнасындағы брифинг барысында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің айтуынша маусым айында ауданда әр түрлі себептермен 24 өлім жағдайы тіркелген.

Сондай-ақ, тікелей эфир барысында облыс басшысына жерлеу қызметі бағасының негізсіз өсуі туралы сұрақ қойылды. Әлеуметтік желіде белгілі бір агенттік Қарағандыдан Қарқаралыға өлген адамның мәйітін жерлеу үшін 500 мың теңге талап еткені туралы жазба жарияланған.

«Облыс орталығында жерлеу қызметінің құны - 150 мың теңге. Карантинге дейін де осындай баға болды. Өткен аптада бұл мәселе талқыланды. Қарағандыда «КВИ« диагнозымен жерлеу қызметін тек «Патологоанатомиялық орталық плюс« ЖШС көрсетеді. Фирма басшылығы қала бойынша бағаны 150 мың теңге, облыс бойынша барлық аудандарға жеткізуді қоса есептегенде 200 мың теңгеге дейін қалдыруға уағдаластық. Мысалы, Қарқаралы, Жәйрем, Нұра ауданы, Балқаш.... Қарқаралы бойынша негізсіз төлем фактісі расталмады. Егер сіздерде дәлел бар болса, растайтын құжаттарды талап етіңіздер, біз әрбір жағдайды анықтауға дайынбыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Ол сондай-ақ бұл мәселені жеке бақылауда ұстайтынын айтты. Оның айтуынша, жерлеу рәсімдеріне қатысты қызметтер көрсетуде алыпсатарлыққа бару адамгершілікке жатпайды.