Жаңалықтар

ЖОО оқытушыларының 92 пайызы, студенттердің 70 пайызы вакцина алды – БҒМ

2021 жылғы 20 қазан 19:01
ЖОО оқытушыларының 92 пайызы, студенттердің 70 пайызы вакцина алды – БҒМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ЖОО оқытушыларының 92% және студенттердің 70% коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта елімізде 222 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Білім алушылардың жалпы контингенті 600 мыңға жуықтайды. Жаңа оқу жылында 173 мың адам бірінші курсқа қабылданды, оның ішінде 63 мың адам грантқа түсті. Академиялық күнтізбеге сәйкес, студенттер барлық дайындық бағыттары бойынша аралас форматта оқуды бастады. Яғни, дәрістер онлайн, семинар, зертханалық және практикалық сабақтар офлайн режимде өткізіледі», - деді Қуаныш Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, ерекше білім беру қажеттіліктері бар және қатерлі топтағы студенттер қашықтан оқи алады. Сондай-ақ, жұқпалы ауру белгілері болған жағдайда студенттер оқуды онлайн режимінде жалғастыра алады. Вице-министр биыл жоғары оқу орындары жаңа оқу жылында оқу процесін ұйымдастыру бойынша бірқатар шаралар қабылдағанын хабарлады. Санитарлық-эпидемиологиялық режимді қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. ЖОО-да маскалық режим талап етіледі, барлық корпустарда санитайзерлер, дезинфекциялық аркалар, тепловизорлар орнатылған. ЖОО, оқу корпустары, кітапхана мен жатақханалар аумағында Ashyq қосымшасы қолданылады. Офлайн сабақтарға «жасыл» немесе «көк» мәртебесі бар студенттер жіберіледі. Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес оқытушылар мен қызметкерлер үшін медициналық қарсы көрсетілімдері барларды қоспағанда, «жасыл» мәртебенің болуы міндетті болады. Студенттерде ПТР-тестілеудің болуын талап етуге жол берілмейді. Ірі мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады, сабақтар аяқталғаннан кейін аудиториялардың уақытылы босауы қадағаланады. Оқу сабақтары кезінде дәліздер мен аудиториялар желдетіледі, жалпы қолданыстағы жабдықтардың беттерін үнемі дезинфекция жүргізіледі. Сонымен бірге, Қ. Ерғалиев коронавирус инфекциясына ұжымдық иммунитетті құру үшін ЖОО оқытушылары, ЖОО қызметкерлері және студенттер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда оқытушылардың шамамен 92-ы және студенттердің шамамен 70%-ы вакциналанды. Білім беру ұйымдары вакциналанған оқытушылар мен қызметкерлерге сыйлықақы ұсынады, оларға ақылы демалыс береді, студенттер үшін оқуға жеңілдіктер, сауықтыру санаторийлеріне тегін жолдамалар көзделген. Вице-министрдің айтуынша, оқу жылының басынан бері коронавирус инфекциясымен ауырған студенттер саны 990 адамды, оқытушылар саны 596 адамды құрап отыр.