Жаңалықтар

Жыл басынан бері 17 мыңға жуық адам карантин бұзғаны үшін айыппұл төлеген

2021 жылғы 15 маусым 20:25
Жыл басынан бері 17 мыңға жуық адам карантин бұзғаны үшін айыппұл төлеген

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ashyq жүйесі «қызыл» статусы бар 160-тан астам оқшаулау режимін бұзушыны анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, Ashyq жүйесі бойынша анықталған «қызыл» мәртебесі бар 165 адам өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Республикада карантин шектеулерінің сақталуын бақылайтын мониторинг топтарының жұмысы жалғасуда. Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңірлерінде 1,8 мыңнан астам мониторинг тобы жұмыс істейді. Биылғы қаңтар мен 13 маусым аралығында ел өңірлерінде 103 762 рейд жүргізіліп, 630 757 нысан тексерілді. Жүргізілген жұмыс барысында мобильді топтар нысандарда карантинді бұзудың 17 043 оқиғасын анықтады. 13 маусымдағы жағдайға сәйкес шектеу шараларын, оның ішінде карантинді бұзғаны үшін 16 712 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте 9 670 кәсіпкерге қатысты жазалау шаралары қолданылды. Өндірілген айыппұлдың жалпы сомасы 1 352,2 млрд теңгеден асады. Сотқа 310 материал жіберілді. Мұнымен қоса, 10 маусымнан бастап Ashyq жобасына қатысатын нысандарда «қызыл» мәртебесі бар 165 және «сары» мәртебесі бар 168 адам тіркелген. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары оқшаулау режимін бұзған «қызыл» мәртебесі бар азаматтарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау бойынша жұмысты бастады. Еске салайық, өткен аптада КВИ-ға шалдыққан науқастар және олармен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті режимін көздейтін санитариялық-эпидемиологиялық талаптар күшіне енген болатын. Белгіленген талаптарды орындамағаны үшін оқшаулау режимін бұзушыларға 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 452-бабы).